Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен шектелмеуі керек. «Заң және тәртіп» қағидатының негізгі мақсаттарының бірі – қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың заңға деген сенімін арттыру. Бұл туралы Алматыда мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басқосуында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиында жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз ету және қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері көтерілді. Қатысушылардың пікірінше, қоғамда адалдықты қалыпты қағидаға айналдырып, әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды.
«Азаматтар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қажет. Осы бағыттағы іс-шаралар дөңгелек үстелдер, семинарлар мен диалог алаңдары форматында ұйымдастырылып келеді. Халықты толғандыратын мәселелерді бірге талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырамыз», – деді «Парасатты ұрпақ үшін» қоғамдық қорының президенті Марат Мәутенұлы.