40 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды
Астанада синтетикалық есірткінің ірі партиясын сақтады деген күдікпен 40 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Полицияның мәліметінше, күдікті мессенджер арқылы жұмыс істейтін интернет-дүкенде «қойма» қызметін атқарып, тыйым салынған заттарды таратуға қатысқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тінту барысында және бұған дейін жасырылған орындарды тексеру кезінде есірткіні орауға арналған материалдар, zip-lock пакеттері, сондай-ақ жалпы салмағы төрт келіден асатын синтетикалық есірткі тәркіленді.
«Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ішкі істер министрлігі есірткіні жеткізу, сақтау және тарату арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады», – деді Елдар Әбдікенов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.
Оқи отырыңыз: Карантиндік зиянкестер табылған өнімдер Қазақстан аумағына өткізілмеді