Астанадағы қаржы пирамидасы: 332 адам зардап шеккен

18.11.2026 16:02

Қазір қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді

Астанада 332 адамды алдап, 562 миллион теңге жинаған қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Заңсыз схеманы ұйымдастырды деген күдікпен бес адам жауапқа тартылып жатыр. Олар тұтыну кооперативінің атын жамылып, еліміздің 11-ден астам қаласында бөлімшелер ашқан. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.

Күдіктілер әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы азаматтарға баспана және автокөлік алуға пайызсыз қарыз беруді, несиелерді қайта қаржыландыруды, сондай-ақ Trade-in бағдарламасына қатысуды ұсынған. Алайда мұндай мүмкіндіктерді пайдалану үшін кооперативке жаңа мүшелер тарту талап етілген. Азаматтар бастапқы жарналарын төлеп, кезекке тұрғанымен, уәде етілген қаржыландыруға қол жеткізе алмаған.

«Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ басқа елді мекендерде бөлімшелер ашқан. Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін TrustContact және TrustMe цифрлық платформалары пайдаланылған. Олар арқылы келісімшарттарды онлайн жасасуға, жеке кабинетке кіруге, салған қаражат пен кезектің жылжуын бақылауға мүмкіндік берілген», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Тергеу аясында сот санкциясымен алты автокөлікке, 5 500 АҚШ долларына және криптоактивтерге тыйым салынған. Қазір қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.

Толық көрсету