Үш күнге созылған тексеріс барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ден астам дерегін анықтаған
Қостанайда жалған мемлекеттік нөмірмен жолаушы тасымалдаған автобус жүргізушісі анықталды. Заңбұзушылықты патрульдік полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шара барысында тіркеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құзырлы органның мәліметінше, жалған нөмірмен қала ішінде қатынаған қоғамдық көлікке қатысты әкімшілік іс қозғалды. Ал көлік құралы айып тұрағына қойылған.
Үш күнге созылған тексеріс барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ден астам дерегін анықтаған. Оның ішінде 15 көліктің мемлекеттік нөмірсіз жүргені белгілі болды.
Қостанай облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Махаббат Құсайынованың айтуынша, мемлекеттік тіркеу нөмірі көлікті сәйкестендірудің негізгі құралы саналады.
«Оны ауыстыру, жасыру немесе қасақана өзгерту көлікті және оның иесін анықтауды, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін тіркеуді қиындатады. Әсіресе қоғамдық көліктерге ерекше назар аударылады. Өйткені жолаушы тасымалдау жүргізушіге жоғары жауапкершілік жүктейді. Олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет», – деді Махаббат Құсайынова.