Балқашта апалы-сіңлілерді қорқытып, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген

19.11.2026 16:55

Келіспеген жағдайда интимдік сипаттағы бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытқан

Балқашта 13 және 15 жастағы апалы-сіңлілерді жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген күдіктілер ұсталды. Қыздардың әкесінің айтуынша, оқиға биыл маусым айында басталған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алдымен жасөспірімдер бір бойжеткенмен танысқан. Кейін ол сыйлықтар беру арқылы сенімдеріне кіріп, қыздарды ішімдік ішуге және темекі шегуге көндірген. Артынша мас күйдегі жасөспірімдерді үйлеріне жеткізіп саламыз деген сылтаумен, жолда оларға қатысты заңсыз әрекеттер жасаған.

Бұдан бөлек, қыздарды видеоға түсіріп, өзге ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Келіспеген жағдайда интимдік сипаттағы бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытқан.

16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны полицияға арызданған. Ол белгісіз адамдардың қыздарына қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасағанын хабарлаған.

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтап, ұстады», – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Толық көрсету