27 тінту іс-шарасы жүргізілді
Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмысқа, бопсалауға және азаматтар мен кәсіпкерлерге криминалдық қысым көрсетудің өзге де түріне қарсы іс-қимыл бойынша тұрақты негізде кешенді шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қылмыстық топтардың құрамында әрекет ететін адамдарды, заңсыз әрекеттердің барлық қатысушыcын анықтауға және олардың қылмыстық схемаларының жолын кесуге ерекше назар аударылады.
23 қыркүйекте Жамбыл облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, аталған өңірдегі шекара бекеті арқылы өтетін ауыр жүк, жолаушылар, жеңіл және транзиттік автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалады деп күдіктелген қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. 27 тінту іс-шарасы жүргізілді. Суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автомашиналар тәркіленді.
Тергеу бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша жүргізіліп жатыр.
Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайы, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ ықтимал қосымша эпизодтар анықталып жатыр. ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтар мен азаматтарға және бизнес өкіліне қысым көрсететін адамдардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.