Екі қылмыстық топ 90-ға жуық малды қолды қылған

Тәркіленген малдар заңды иелеріне қайтарылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топтың жолы кесілді. Күдіктілер жайылымнан 20-дан астам ірі қара мен 47 қойды, сондай-ақ шаруа қожалығының қорасынан 21 бас ұсақ малды ұрлаған. Қазір барлық күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Almaty TV.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, полиция қызметкерлері 14 қарашада Жамбыл ауданында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адамды ұстаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, бірінші топтың төрт мүшесі жайылымдағы 20-дан астам ірі қара мен 47 қойды ұрлап, сатып отырған. Ал екінші топтың үш мүшесі шаруа қожалығының қорасынан 21 бас ұсақ малды қолды қылған.

Тәркіленген малдар заңды иелеріне қайтарылды.

«Ішкі істер министрлігі әрбір азаматтың мүлкі заңмен қорғалатынын атап өтеді. Азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету полиция қызметінің басым бағыттары болып қала береді. “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында мал ұрлығына қарсы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің өкілі Бекзат Кемал.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысында 80-нен астам мал ұрлығы дерегі ашылып, 75 адам қамауға алынған.