Қылмыстық іс сотқа жолданды
Қарағанды облысында «Vavada» интернет-казиносы ойыншыларының ақшасын қабылдап, қолма-қол ақшаға айналдыруды ұйымдастырған топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тергеу дерегінше, 2026 жылғы қаңтарда схема ұйымдастырушылары интернет-казино өкілдерімен Қазақстан аумағында ақша қабылдау және шығару жөнінде келісімге келген.
Топ мүшелерінің бірі жұмысты үйлестіріп, казино өкілдерімен байланыс орнатқан. Екіншісі дропперлерді іздеп, олардың банк шоттарына қол жеткізуді ұйымдастырған және операторларды іріктеген.
Қарағандыда жалға алынған кеңседе операторлар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеген. Схемаға барлығы 23 дроп-шот тартылып, олар арқылы 415 млн теңгеден астам қаржыға операция жүргізілген.
Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді. Сот санкциясымен олардың жеке тұрғын үйіне, екі жер теліміне және Mercedes-Benz автокөлігіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.