Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандар саны 16 пайызға азайды

26.11.2026 21:39

Елімізде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 16 пайызға төмендеген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаңтар мен тамыз айлары аралығында 21 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз. Дегенмен көрсеткіштің төмендегеніне қарамастан, жолдағы қауіп әлі де жоғары.

Көлік жүргізу кезінде телефонға алаңдау немесе қауіпсіздік белдігін тақпау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары адам өліміне әкелген жол апаттарының саны айтарлықтай азайған.

«Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларында қаза болғандар саны былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген. Егер жыл сайын 2 500 адам қаза табатынын ескерсек, соңғы 30 жылдағы көрсеткіштерді салыстырғанда, атқарылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жол апатынан көз жұматындар саны екі-екі жарым есе азайған», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Сонымен қатар мамандар алыс жолға шыққанда ерекше сақ болуға шақырады. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, еліміздегі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың тек 16 пайызы ғана қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Жол апатынан қаза тапқандардың 60 пайыздан астамы қала сыртындағы жолдарда тіркеледі.

«Олардың қатарында облысаралық және ауданаралық жолдар бар. Қала сыртындағы жолдарда жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны жоғары. Ал елді мекендерде жол апаты көп болғанымен, өлім-жітім көрсеткіші төмен. Дегенмен әрбір төртінші жаяу жүргінші жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табады», – деді Ақтоты Боранова.

Жол апатының зардабын өз басынан өткергендердің бірі – Диас Елемес. Ол Қарағанды – Алматы тасжолында ауыр жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Осы жағдайдан кейін азамат жүргізушілерді жолда асықпай, әрдайым сақ болуға шақырады.

«Сіз тек өзіңіздің ғана емес, қасыңыздағы адамдардың да өміріне бірінші кезекте жауаптысыз. Соны естен шығармау керек. Жол-көлік оқиғасы мен үшін қазір әлеуметтік желіден немесе басқа жерден көретін жай жаңалық емес. Өз басымнан өткен соң, бұл ауыр оқиға ретінде есімде қалды», – деді Қарағанды облысының тұрғыны Диас Елемес.

Елімізде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіліп келеді. Тасжолдардағы жылдамдықты бақылау жүйелері көбейіп, қосымша бейнебақылау құралдары орнатылуда. Қазір көлік қозғалысын қадағалау үшін дрондар мен жасырын патрульдік көліктер де пайдаланылып жатыр. Алдағы уақытта бақылау жүйелерін кеңейтіп, жолдағы тәртіпті одан әрі күшейту жоспарланған. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алып, жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Толық көрсету