Қостанайда лицензиясыз микроқаржы қызметімен айналысқандар сотталды

23.09.2026 10:04

Екі жыл ішінде аталған қызметті 1 600-ден астам азамат пайдаланған

depositphotos.com

Қостанай облысының екі тұрғыны лицензиясыз микроқаржылық қызмет жүргізіп, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар 2024–2025 жылдары өздеріне бағынысты төрт компанияның жұмысын ұйымдастырған. Желі негізінен облыстың аудан орталықтары мен кенттерінде қызмет көрсеткен.

Клиенттерге банктер мен басқа да қаржы ұйымдарына жүгінбей, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып ақша алу ұсынылған.

Тергеу мәліметінше, комиссиялық сауда деген желеумен азаматтарға мүлкін кепілге қою арқылы ақша берілген. Қаражатты пайдаланғаны үшін күн сайын 0,4% мөлшерінде сыйақы алынған.

Алайда клиенттермен жазбаша қарыз шарты жасалмаған. Мәмілелерді заңды комиссиялық қызмет ретінде көрсету үшін формалды құжат рәсімделген. Онда сыйақы тауарды сатуды кейінге қалдырғаны үшін алынатын комиссия немесе оны сақтағаны үшін төлем ретінде көрсетілген.

Екі жыл ішінде аталған қызметті 1 600-ден астам азамат пайдаланған. Заңсыз қызметтен түскен кіріс 579 млн теңгеден асқан.

Сот екі адамды да мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырды. Тәркіленген мүлік қатарында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Толық көрсету