Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр
Қызылорда облысында Қызыл кітапқа енген киіктердің өлекселері мен мүйіздерін заңсыз сақтаған азамат анықталды. Тексеру барысында күдіктінің үйінің ауласынан 58 киіктің өлексесі, бес басы, үш қап тері, сегіз пышақ пен таразы тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл дерек прокуратураның үйлестіруімен полиция департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталған.
Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бөлімінің бастығы Жанболат Өткелбаевтың айтуынша, табылған заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды.
«Күдіктінің үй ауласынан 58 киік жануарының өлі денелері, бес киік басы, үш қап тері, сегіз пышақ және таразы тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты сот шешімімен үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді Жанболат Өткелбаев.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.