Тінту барысында күдіктіден 30 дана пластикалық зат тәркіленген
Қарағанды қаласында психотроптық заттарды заңсыз таратқан 29 жастағы ер адам жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ол тыйым салынған заттарды әлеуметтік желі арқылы өткізіп, жасырын орындарға қалдырып отырған. Кейін олардың орналасқан жерін фотосуретке түсіріп, сыбайласына есеп ретінде жіберген, деп хабарлайды Almaty TV.
Тінту барысында күдіктіден 30 дана пластикалық зат тәркіленген. Олардың жалпы салмағы 14 грамды құрайды.
Сот ер адамды есірткі заттарын өткізу дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
«Сот 29 жастағы ер адамды есірткі заттарын өткізу дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1 және 3-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу арқылы жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді Көліктегі полиция департаменті басқармасының бастығы Бағлан Жарылқасынұлы.