Заң жобасында өзге адамның суреті мен бейнежазбасын рұқсатсыз жариялауға қатысты ережелерді өзгерту де қарастырылған
Қазақстанда әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында балағат сөз қолданғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ал желіде жала жапқандар да жазасыз қалмайды. Құрылтайда мәдениет және ақпарат министрі онлайн-платформалар мен масс-медиа саласын реттеуге бағытталған заң жобаларын таныстырды. Құжаттар әлеуметтік желілердің жауапкершілігін арттыруды және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғауды көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елімізде әлеуметтік желілерге қойылатын талап күшейтілмек. Ақпарат және мәдениет министрі Арман Қырықбаев мұны заңға қайшы контенттің көптеп таралуымен байланыстырады. Оның айтуынша, биыл он айда онлайн-платформаларда 128 мыңнан астам заңға қайшы материал анықталған. Алайда соның 70 пайызы ғана жойылған.
Бұдан бөлек, бес мыңнан астам жазылушысы бар парақшаларды кім жүргізіп отырғанын анықтау көзделіп отыр. Осыған байланысты депутат Айдос Сарым жазылушысы бес мыңнан асатын парақшалардың барлығын бірдей тіркеу қаншалықты қажет екенін сұрады.
«Осы жерде мәселенің ақ-қарасын ажыратып алу керек сияқты. Мысалы, автордың жеке басын платформаның өзі растаған болса, айталық, танымал қоғам қайраткері, журналист немесе басқа тұлға болса, сондай-ақ парақша мемлекеттік органға, компанияға немесе бұқаралық ақпарат құралына ресми тиесілі екені анық болса, оны қайта есепке қоюдың қажеті бар ма?» – деді ҚР Құрылтай депутаты Айдос Сарым.
Министрдің айтуынша, жеке басы белгілі аккаунттарды қайта тіркеудің қажеті жоқ. Негізгі назар анонимді парақшаларға аударылады.
«Бұл жерде негізгі мәселе – бес мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттар. Мысалы, былтыр осы заңнаманы әзірлеу барысында 120 мыңнан астам заңға қайшы контент анықтадық. Оны сараптай келе, материалдардың 20 пайыздан астамы бес мыңнан астам жазылушысы бар анонимді аккаунттардан таралғаны белгілі болды», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Заң жобасында өзге адамның суреті мен бейнежазбасын рұқсатсыз жариялауға қатысты ережелерді өзгерту де қарастырылған. Құжатқа сәйкес, ашық дереккөзде тұрған суретті адамның өзі оған тыйым салмаған жағдайда ғана қайта пайдалануға болады. Ал жеке және отбасылық өмірге қатысты ақпарат қорғалуы тиіс.
Депутат Максим Рожин мұндай шектеулер қоғам үшін маңызды ақпаратты жариялауға кедергі болмауы керек екенін айтты. Оның пікірінше, шенеуніктің жемқорлыққа немесе басқа да заңсыз әрекетке қатысы барын дәлелдейтін бейнежазбаны оның келісімінсіз жариялауға рұқсат берілуі қажет.
«Әрине, оның арнайы келісімін алып жатудың өзі ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан мұны дұрыс деп есептейміз. Бұл жердегі негізгі мақсат – қызмет барысында түсірілген бейнежазба мен жеке, отбасылық өмірге қатысты бейнежазбаның аражігін ажырату. Әр адамның өзінің жеке өмірі бар. Оған қол сұғуға болмайды», – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев.
Құжатта әлеуметтік желілерде ақылы курстар ұсынып, оқыту қызметімен айналысатындарға да талап қойылған. Олар өз білімін растайтын дипломы немесе сертификаты бар екенін көрсетуі керек. Ал балгерлер мен астрологтар қызметтерінің ғылыми дәлелі жоқ екенін ескертуге міндеттелуі мүмкін.
Құрылтай заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Almaty TV, Астана.