Нұрай Серікбайдың жақындары соттың тікелей эфирде көрсетілуін талап етіп отыр

18.06.2026 14:56

Марқұмның адвокаты бірнеше айдан бері Ішкі істер министрінің қабылдауына кіре алмай жүргенін мәлімдеді

Өз үйінің алдында кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың жақындары әлі күнге дейін әділдік іздеп, табалдырық тоздырып жүр. Марқұмның адвокаты бірнеше айдан бері Ішкі істер министрінің қабылдауына кіре алмай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Нұрай Серікбайдың жақындары үшін өте ауыр өтіп жатыр. Олар әлі күнге дейін қыздарының о дүниелік болғанына сене алар емес. Тіпті марқұмның анасына алдағы сотта үлкен психологиялық қолдау қажет болуы мүмкін екен. Себебі тергеудің өзі жәбірленуші тараптың жан жарасын одан әрі тереңдетіпті.

«Нұрай кеткелі біраз нәрсе өзгерді. Әлі түсініксіз, шыны керек. Осы іс бітпейінше жүрегіміз тынышталмайды. Шыны керек, қайғырып үлгермей жатырмыз. Жоқтығын қатты сеземіз. Әлі сенбейміз», – деді марқұм Н.Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.

 Тергеп-тексеру 6 ай бойы жүргізілген. Бірақ Нұрайдың жақындары үшін бұл істің түйіні әлі тарқамаған. Сондықтан олар министрлікке барып, мазалаған мәселелерді тікелей жеткізгісі келеді.

«Қазір ашып айта алмаймын. Бірақ тергеудің созылуы белгілі бір себептерге байланысты. Сол себептерді білсек дейміз», – деді марқұм Н.Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.

Тергеу барысында Нұрайдың туыстары Шерхан Аймаханмен бетпе-бет кездеспеген. Жәбірленуші тараптың сөзінше, күдіктімен олардың адвокаты ғана жүздесіпті. Алайда сол кезде 28 жастағы ер адам өз әрекетін есіне түсіре алмайтынын айтқан көрінеді.

«Қылмыстық істі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталды. Қазір іс материалдарымен танысу сатысы жүріп жатыр», – деді Шымкент қалалық Полиция департаменті

Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтарда Шымкенттің қақ ортасында болған. Кешқұрым 21 жастағы бойжеткенді ер адам қуалап жүріп, бірнеше мәрте пышақтап өлтірген еді. Осыдан кейін күдіктінің жас қызды көзі тірісінде алып қашып, ізінен қалмағаны да анықталған. Енді марқұмның жақындары соттың тікелей эфирде көрсетілуін және Шерхан Аймаханның өмір бойы түрмеге жабылуын талап етіп отыр.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Тыныштық мекені: Жетісу облысындағы ауылда 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген