Әлеуметтік желідегі арандатушылыққа жол жоқ – Бас прокуратура

23.06.2026 10:51

Қазақстанның Бас прокуратурасы әлеуметтік желі қолданушыларына үндеу жолдады

Әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралу фактілері байқалуда, деп хабарлайды Аlmaty.tv Қазақстан Бас прокуратурасына сілтеме жасап.

Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске саламыз.

Заң бұзғандарға қандай жаза қолданылады?
  • Алауыздықты қоздыру (Қылмыстық кодекстің 174-бабы): Іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салу не 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделген.
  • Құқыққа қайшы контентті орналастыру (ӘҚБтК-нің 456-2-бабы, 3-1-бөлігі): Егер бұл әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
  • Жалған ақпарат тарату (ӘҚБтК-нің 456-2-бабы, 3-бөлігі және Қылмыстық кодекстің 274-бабы): Жалған ақпаратты орналастырғаны үшін әкімшілік жауаптылық, ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда қылмыстық жауаптылық қарастырылған.

Маңызды ескерту: Мұндай жарияланымдардың тек авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға (репост жасауға) қатысқан адамдар да заң алдында жауап береді.

Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісіммен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырады.

Қазақстан халқының бірлігі, өзара сыйластық пен қоғамдық келісім — еліміздің тұрақтылығының, қауіпсіздігінің және келешектегі дамуының берік негізі. Құқық қорғау органдары «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзудың жолын кесіп, олардың алдын алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады.

Оқи отырыңыз: Алматыда 8-14 маусым аралығында ауа райы қандай болады