«Самұрық-Қазына» мен «ҚТЖ» басшылары ұсталды

Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аспаннан жауған доллар. Астана халқы ақ ұлпа күтіп жүргенде, көктен көк қағаздар жауып, жұртты елең еткізді. Бүгін әлеуметтік желіде бас қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында шашылып жатқан доллар купюралары бейнеленген кадрлар тарады. Ізінше пара алды деген күдікпен «Самұрық-Қазына» төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат желдей есті,  деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Астана аспанынан ақша жауды. Бас қаланың халқын елең еткізген көк қағаздарды Қонаев 5 мекенжайындағы Атлант тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатынан бәзбіреулер тастаған көрінеді. Қазір мұнда шашылып жатқан құнды қағаздар жоқ. Тек чемоданның сынықтары ғана жатыр, 

Оқиға орны делінген аумақта құзырлы орган өкілдері көрінбейді. Тұрғындар да күнделікті тіршілігіне кірісіп кеткен. Тек көзімізге жерде жатқан мына бір жапырақ қағаз түсті. Онда «алты жүз» деген жазу бар. Ал дәл жанында бума ақшаны бууға арналған резеңке жатыр. Айналаны шолып шығып, тұрғындарды сөзге тартуға тырыстық. Көбі камерадан кері айналып, жауап беруден бас тартты. Десе де, шашылып жатқан ақшаны көргендер бар.

«Сағат 6:30 шамасында осы жерден өтіп бара жаттым. Жерде долларлар шашылып жатты. Чемоданды көрдім. Ақша аз емес, жақсы өмір сүруге жететіндей болды. Кейін полицияның патрульдік көлігі келіп, аумақты қоршауға алды. Бірақ ақшаны кім шашқанын білмеймін. Мен ары қарай өз шаруаммен кеттім», – деді тұрғын Руслан

«Терезеден көрдім. Купюралар шашылып жатты. Таңғы ас әзірлеп жатқан едім. Әрине ондай сомманы көріп, таңқалдым. Қанша ақша екенін білмеймін. Бірақ өте көп болды. Оны құқық қорғаушылар анықтай жатар», – деді тұрғын.

Желіде тараған мына бір видеодан жерде шашылып жатқан долларларды, бірнеше сөмке мен бір чемоданды көруге болады. Кадр сыртындағы адамның айтуынша, 12 қарашада таңғы сағат 6:30 шамасында Қонаев көшесі, 5-мекенжайына шақырту түскен. Ал екінші видеодағы ер адам жерде жатқан бума-бума көк қағазды көрсетіп, ақшаның жалған-жалған еместігін білмейтінін айтады. Осы бейнежазбалар әлеуметтік желіде кеңінен тарағаннан кейін ізінше «Самұрық-Қазына» төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Олармен бірге сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де адамдар қолға түскен. Аталған екі оқиғаның арасында байланыс бар ма? Осы сауалды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жолдадық. Алайда ведомствоның баспасөз қызметі әзірге ресми мәліметпен ғана шектелді.

«2026 жылғы 11 қарашада ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының Төрағасы Н. Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Е. Отыншиевті және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен басқа да адамдарды ұстады. Істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген  ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.

Комитет өзге ақпаратты қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп жария етпеді.

Айта кетейік, Нұрлан Жақыпов 2023 жылдың сәуірінен бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы қызметін атқарып келеді. Ал Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын тізгінін биыл шілде айында алған. Ол бұл қызметте небәрі 4 ай ғана жұмыс істеді.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астанадан

Оқи отырыңыз: ІІМ автокөліктерге қатысты ірі алаяқтық схеманың жолын кесті