Кәсіподақтың қаржысы, жиһаз бизнесі, гранит плиталар, ағаштарды кесу және әлеуметтік желідегі жазбалар. Алматыда Санжар Боқаевтың ісі бойынша тараптардың жарыссөзі жалғасып жатыр. Бүгін мемлекеттік айыптаушы сотталушының бес эпизод бойынша да кінәсі дәлелденгенін мәлімдеді. Прокурор соттан Боқаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Прокуратураның мәліметінше, Боқаев «ҚазТрансГаз» кәсіподағының қаржысын жымқырған. Атап айтқанда, «Еуропа – Қытай» автошеруіне бөлінген қаражат жиһаз цехын жалдау мен оны жарақтандыруға жұмсалған. Айыптаушының айтуынша, мақсатсыз пайдаланылған қаржы мұнымен шектелмейді. Боқаев автошерудің мердігерін және оған бөлінетін қаражатты өзі белгілеп отырған.
Келісімшарт екі компаниямен жасалған. BM Trust компаниясын оның туысы Мадияр Калменов, ал We Can компаниясын Жұлдыз Артықбаева басқарған. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, куәгерлердің басым бөлігі екінші компания туралы білмеген.
«Күдіктілердің барлығы дерлік тергеу барысында Боқаевтың туысы Мадияр Калменов басқаратын компания туралы білмейтіндерін, оны ешқашан естімегендерін айтты. Олардың білетіні – автошеру бойынша қызметті Жұлдыз Артықбаева басқаратын компания атқарған», – деді мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева.
Бұдан бөлек, сотта гранит плиталар мен Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қатысты эпизодтар да қаралды. Прокурордың мәліметінше, бұл әрекеттердің барлығы Боқаевтың нұсқауымен жүзеге асқан. Айыптаушы бұған күдіктілердің жауаптары мен сараптама қорытындыларын дәлел ретінде келтірді.
Мемлекеттік айыптаушы Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Калменовты 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінгені ескеріліп, Нүсіпқожаға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды өтінді.
«Боқаев пен Калменовтың кәмелетке толмаған балалары бар екенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде, ал қылмысты топ болып жасау және өз қызметін пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы заңды бұзу әрекеттерін жазаны ауырлататын мән-жай ретінде ескеруіңізді сұраймын», – деді мемлекеттік айыптаушы Жаңыл Жұмабаева.
Еске салайық, Санжар Боқаевтың соты 16 қазанда басталған. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық, заңсыз ағаш кесу, топ болып қаржы жымқыру, ұрлық және жалған ақпарат тарату бойынша айыпталып жатыр.
Асыл Махметов, Адель Акжаркенова, Ернат Ельдосулы. «Алматы» телеарнасы