Семейде мыңдаған оқушы мен мұғалімнің жеке дерегі интернетке тарап кеткен

29.09.2026 21:20

Дербес деректердің интернетте жариялануына жол берген мектеп директорларына айыппұл салынған

Семей қаласындағы 31 мектептің сайтынан төрт мыңнан астам адамның дербес мәліметтері ашық интернетке шығып кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың қатарында аты-жөні, телефон нөмірі, мекенжайы және жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты жеке ақпараттар болған. Ашық жарияланған деректердің ішінде 344 оқушының мәліметі бар.

Прокуратура жүргізген тексеріс барысында мектеп сайттарында мұғалімдер мен оқушылардың жеке деректерінің көпшілікке қолжетімді болғаны анықталған.

«Мұндай мәліметтерді орналастыру жеке өмірге қолсұғылмаушылықтың бұзылуына және олардың заңсыз пайдаланылуына қауіп төндірген», – деді Семей қаласы прокурорының орынбасары Аманжол Рымбеков.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 31 білім беру мекемесінің сайттарынан заңсыз орналастырылған деректердің барлығы ашық қолжетімділіктен алынды.

Дербес деректердің интернетте жариялануына жол берген мектеп директорларына айыппұл салынған. Ал жауапты қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылған.

Прокуратура дербес деректер туралы заңнама талаптарын және оларды қорғау нормаларын, әсіресе ақпаратты интернет желісінде орналастыру кезінде қатаң сақтаудың қажеттігін еске салды.

Толық көрсету