Түркістан облысында ауыл шаруашылығы субсидиясын жымқыру дерегі анықталды

23.11.2026 17:05

Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бөлінген субсидияны жымқыру дерегі бойынша тергеу басталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті бірнеше коммерциялық ұйымды бақылауына алып, мемлекет қаржысын заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Түркістан» және «JMJ-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы 81 жаңбырлатып суару машинасын сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Ал лизинг беруші ретінде күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы көрсетілген. Бөлінген бюджет қаражаты осы ұйымның шотына аударылған.

Алайда 37 жаңбырлатып суару машинасы іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, міндеттемелер толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер енгізілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген.

«Кейін бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Күдікті қамауға алынды», – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.

Толық көрсету