Жамбыл облысында жылқы ұрлығы: күдікті қамауға алынды

17.11.2026 15:48

Қазір күдікті қамауға алынған

Жамбыл облысында бір үйір жылқыны қолды қылған күдікті ұсталды. 44 жастағы азамат жайылымнан 16 бас жылқыны айдап әкетіп, оның жетеуін сойып, сатып жіберген. Жәбірленушіге 24 миллион теңге шығын келтірілген, деп хабарлайды Almaty TV.

Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы құмды алқапта болған. Полиция мәліметінше, күдікті жайылымда жүрген жылқыларды ұрлап, кейін олардың бір бөлігін сойып, сатып жіберген.

«Аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы дерегіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Аталған дерек бойынша 44 жастағы азамат ұсталды. Жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллион теңге шығын келтірілген», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұқтарқұлова.

Қазір күдікті қамауға алынған. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі мал ұрлығы бабымен тергеу басталды.

Полицияның мәліметінше, биыл өңірде тіркелген мал ұрлығы деректерінің 80 пайызы ашылған. Ал соңғы төрт жылда мұндай қылмыстардың саны 10,5 пайызға азайған.

Толық көрсету