Ұлт көшбасшысының ұлы істері: мемлекет және қоғам қайраткерлері не дейді

01.12.2021 в 18:39

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президентінің күні

«Қазақстанның 30 жылда қол жеткізген табысы мен дамуы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің еңбегінің жемісі». Белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің пікірінше, Елбасы қайсар рухымен, терең ақыл-парасатымен, халыққа деген адал еңбегімен, кемеңгерлік қасиетімен егемендігімізді еңселі етті. Басты байлығымыз – жерімізді, тілімізді, ділімізді сақтауға баса мән берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тәуелсіздік – қазақтың тәу етер жалғыз киесі. Азаттық алған қазақ елінің керегесі кең, шаңырағы шаттыққа толы болуына аз уақыт ішінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің ерен еңбек сіңіргенін әлем халқы біледі әрі бағалайды. Қазынасында қаражаты жоқ, басқа елдермен байланыс орнатылмаған мемлекеттің тығырықтан тез шығуы, дамудың даңғыл жолына түсуі алпауыт елдердің өзін таңғалдырды.

«Бірінші рет халық өзінің Президентін сайлады. Сол кезде бөрігімізді аспанға лақтыра қуандық, бағымызға орай басшылыққа Назарбаев келді дегенді тамаша жаңалықты естідік. Сол кезде дүние есігін ашқан талай бала Нұрсұлтан деген есім иеленіп, бүгінде 30-дан асқан жігіт болды. Мәселен, ТМД елдерінің ішінде салыстырмалы түрде қарасақ, жағдайлары бізден әлдеқайда төмен. Соның бәрі меніңше, ең бірінші, халықпен бірге Назарбаевтың сіңірген еңбегі деп есептеймін», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Ирак Елекеев.

Егемен еліміздің басты байлығы – ұшса, құстың қанаты талатын, шапса, тұлпардың тұяғы тозатын Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан шетсіз, шексіз жеріміз. Осынау ұланғайыр жер үшін баһадүр бабаларымыз жанын қиды. Көздің қарашығындай сақтап қалды. Сол қастерлі аманатқа қиянат жасамай, көршілермен шекарамызды шегендеуде Елбасының еткен ерлігі Һәм еңбегі ерен екенін елі жақсы біледі.

«Мемлекет болғаннан кейін, оның тұтас территориясы болуы керек. Сол территориямен көрші жатқан Қытай мемлекеті, солтүстігімізде Ресей мемлекеті, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен шекарамызды бейбіт жолмен айқындап алдық. Бұл үлкен жеңіс деп айтуға болады. Сол территориямызды шегендеп, сақтап қалғанымыз ең алдымен, Елбасының арқасы болды», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Тұңғыш Президент елдігімізді, басты байлығымыз – тілімізді сақтап қалуға да жанын салды дейді мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы. Бір ғана дәлел, елорданы Арқа төсіне көшірудің өзі де ұлттың тұтастығы мен бабадан қалған жерді қорғау мақсатында жасалған қадам. Осылайша, құрдымға кете жаздаған қазақ тілі еңсе көтерді. Мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бас қала ұлттық құндылықтардың ордасына айналды.

«Біз көшіп келгенде қазақтың саны аз еді, осы жердегі көшелердегі атаулар бұл елдің өзімізге жат болып бара жатқанының көрінісі еді. Сондықтан Тәуелсіздіктің 30 жылдығында қазақтың жеткен ең бір үлкен жетістігі – астанамызды Сарыарқаның сары төсіне көшіріп әкелу. Ал қазір астанада Алаштың мықты зиялыларының, ұлт зиялыларының, хандарымыздың, батырларымыздың аты, қазақтың киелі жерлерінің бәрінің атауы», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы.

Ішкі және сыртқы саяси тұрақтылық, ұлттар арасындағы бірлік, дінаралық татулық – Елбасының көксеген негізгі мақсаты болды. Ал халықаралық аренадағы беделі мемлекетіміздің мерейін үстем етті.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – идеяның генераторы. Көптеген ұсыныстар Назарбаевтың жеке ой-пікірінің негізінде ұласты. ЕАЭС құрылды, Шанхай бірлестігі құрылды, осылардың бәрінің ар жағында Назарбаев тұр. Бұл – үлкен саясаткерлік белгі. Сондықтан да Н.Ә.Назарбаевты әлем тануының бір қыры осында жатыр», – деді мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан.

Ақиық ақын Мұқағалиша айтар болсақ, Елбасы ең бірінші бақыты – халқына ойының алтын кенін берді. Тілімделген қасиетті тіліміздің қадірін арттырды. Ұлттық рухымызды асқақтатты. Отанын озық дамыған елдер қатарына қосты. Міне, әр салада абыройлы қызмет еткен белгілі тұлғалардың пікірі осыған саяды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы