VII Қысқы Азия ойындары, Президент сайлауы: 2011 жыл қандай тарихи оқиғаларымен есте қалды

13.12.2021 в 21:26

Бүгінде еңсесін тіктеген егеменді Қазақстанның әр күні маңызды оқиғалар тізбегінен құралады

2011 жылы елде елеулі оқиғалар болды. VII Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты «Астана Арена» стадионында өтті. Қазақстан мұсылман елдері мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында осы құрлықтық шараны өткізді. Бұл ел мерейін арттырған, елімізде спорттың оң бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеген айшықты оқиға ретінде тарихқа енді. Ал 2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық EXPO көрмесін өткізу туралы сарапшылармен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарына алғаш рет 27 елден келген 1 мыңнан астам спортшы қатысты. Дүбірлі жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қол медалді жеңіп алып, командалық 1-орынды иеленді.

2011 жылдың 3 сәуірі. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл күні де әлемнің назары Қазақстанға ауып, тарихи күн ретінде белгіленді. Қазақстанның орталық комиссиясы елімізде ашық, заңды сайлау өту үшін 1059 бақылаушыны 200-ден астам шетел журналистерін тіркеді. «Нұр Отан» партиясы атынан кандитат ретінде ұсынылған Нұрсұлтан Назарбаев дауыс берушілердің 95,55 сеніміне ие болды. Ал 8 сәуірде елордада Президенттің ұлықтау рәсімі өтіп, қайта сайланған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына ант берді.

«Бүгін елдің ақжолтай сенімін, абыройын арқалаған мен үшін ерекше тебіреніс. Қазақстан халқы Президент сайлауы арқылы, бүгінін байыптайтын, келешегін сараптайтын, тарихи таңдау жасады», – деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

2012 жылы Қазақстан ислам ынтымақтастығы ұйымына да төрағалық етті. Мемлекетіміз ислам елдерінің, соның ішінде, араб елдерінен инвестиция тарту мәселесін басты назарда ұстады.

«Әрине, сол кезде Президентіміз 7 негізгі бағытты анықтап берді. Энергетика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мәселелеріне көп көңіл бөлінді. Сонда біздің Батыс – Қытай, Батыс – Еуропа жолдары салына бастады», – деді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жұбаев.   

2012 жыл 14 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық көрмелер бюросының сарапшылар комиссиясын қабылдады. Кездесу барысында тараптар елордада EXPO -2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу мүмкіндігін қарастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг барысында Халықаралық көрмелер бюросының сарапшылар комиссиясының төрағасы Қазақстан мен Белгияның біздің негізгі бәсекелесіміз бен көрмені өткізуге мүмкіндігі тең екенін мәлімдеді.

 Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы