«Алтынкөл» кеден бекетінде 75 қымбат ішік тәркіленді

28.11.2018 в 19:11

«Алтынкөл» кеден бекетінде жалдамалы жүк тасушылар қымбат ішіктерді шекарадан заңсыз алып өтпек болған. Бұл туралы арнамызға «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Бекен Нұрақметов хабарлады.

Құндыз ішіктер мен қасқыр, түлкі сынды аң терісінен тігілген тондардың жалпы саны – 75 дана. Тауардың иесі әлі табылған жоқ. Тапсырыс берушілер кеденнен құнды тауарларды жасырып алып өту үшін жергілікті тұрғындарды жалдаған. Тауарларды кедендік декларациясыз өткізгендіктен саудагерлердің мемлекетке келтірген шығыны 3 миллион теңгеден асады.  

«2018 жылдың 28 қарашасы күні кезекті кедендік тексеру барысында кедендік тексеруден жасырылған және қымбат бағалы тері киімдері ұсталды. Оның ішінде, 55 данасы ұзын күртелер, 20 данасы әйелдер киетін таза құндыз тондар», – деді Бекен НҰРАҚМЕТОВ.