Астанада көкпардан әлем чемпионаты өтті

28.08.2017 в 05:08

Астанада ковбойлар көкпар тартысып жатыр. Елордада өтіп жатқан көкпардан әлем чемпионатына 12 команда қатысуда. Құрамында америкалықтар да бар. Олар түркі халқына ортақ ұлттық ойынды осымен екінші рет ойнауда. Өткен жылы Бішкекте өткен көшпенділер ойынына қатысыпты.

Брендан Брайн жылқы десе ішкен асын жерге қоятын жан. Оларға қалай күтім жасау керек, қалай мініп-баптау керектігін жақсы біледі. Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған көкпардан әлем чемпионатына Брендан тыңғылықты дайындалғанымен, ойын барысында өзімді толық көрсете алмадым дейді.

«Мен атбегілердің арасында өстім. Ең алғаш рет 7 жасымда жылқыға ертоқым салдым. Міне, сол уақыттан бері аттың үстінен түскен емеспін. Көкпар ойыны, Штаттардағы ойнайтын ойынымызға мүлде ұқсамайды. Мұндағы аттар басқаша үйретілген. Болмыстары да ерекше», - деді Америкалық команданың мүшесі Бренден БРАЙН.

Ал ковбой Голден Гарник ат өсірумен айналысатын әулеттен шыққан. Ат күтіміне байланысты одан артық білетін адам жоқ дейді сеніммен. Ең бастысы жануар мен адам арасындағы қатынасты дамытып отыру қажет.

«Менің ағам АҚШ командасының капитаны. Осы топта тағы екі ағам бағын сынауда. Бұл біздің әулетіміздің дәстүріне айналып кеткен. Осыдан 16 жыл бұрын әкеміз Қазақстанға келгенде осы ойын түрін көріп ұнатып қалыпты. Міне, сол уақыттан бері көкпарды отбасымызбен ойнаймыз. Әлем чемпионатына бұрын-соңды ойнап көрмеген 7 баланы алып келдік. Олар да үйреніп жатыр», - деді Америкалық команданың мүшесі Голден ГАРНИК.

АҚШ құрамасы Өзбекстанның ойыншыларымен кездесті. Бірақ ала шапанды шабандоздардың жолы болды. Қарсыластарын 11-де 1 есебімен, ойсырата жеңді. Көкпардан Өзбекстан федерациясының жетекшісі Бахром мырзаның айтуынша, ең алдымен тәжірибе мен машық қажет екен.

«Мұнда жасалған жағдай көңілімізден шықты. Бір өкініштісі, өз аттарымызды алып келе алмадық. Шабандоздарымыз мықты болғанымен, жылқыға көп үйренісе алмадық. АҚШ құрамасын жеңдік. Бұл жерде біздің 20 жылдық тәжірибемізді ескермеуге болмайды. Ал америкалықтар тек екінші жыл қатарынан қатысып отыр ғой», - деді «Ула Кокпар» федерациясының жетекшісі Бахром АТАШГАФУРОВ (Өзбекстан).

Көкпардағы серкенің орнын, заманға сай 37 келіден асатын муляж алмастырған. Айтпақшы, көкпардан 1-ші әлем чемпионатына америкалық команданың қатысатыны, 7 маусымда АҚШ павильонының таныстырылымында айтылған болатын.

28 тамыз күні чемпионат өз мәрежесіне жетеді. Ұлттық спорттан бас жүлде еншілегендер қомақты сыйақы алады. Жүлде қоры 18 миллион теңгені құрап отыр.  

Азамат Әуезхан, Олжасбек Мәден, «Алматы» телеарнасы Астанадан