Теңге бағамы екі жыл бұрынғы көрсеткішке қайта түсіп кетті

25.07.2018 в 19:40

Көк қағаз құны қайта шарықтады. Бүгін Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша, доллар бағамы 346 теңге 31 тиынға теңесті.

Қазір Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар бағамы 346 теңге 90 тиыннан саудалануда. Ал 24 шілде күні күндізгі сессия көрсеткішінде оның құны 344 теңге 95 тиыннан аспаған еді.

Жалпы, түске дейінгі сауда-саттық көлемі 88 миллион АҚШ долларын құрады.

Есте болса, дәл осындай минимумды ұлттық валюта екі жыл бұрын еңсерген еді. 2016-жылдың 12 тамызында долларға шаққандағы теңге бағамы 347 теңге 18 тиынды құраған. Әлемдік нарықта мұнай бағасы екі жыл бұрынғы көрсеткіштен әлдеқайда өскенімен, теңге есесін қайтара алмай жатыр.

Айта кетсек, осы айда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 73 доллардан асқан еді.