Алматыда өткен жылы құрылыс нысанында 17 адам мерт болған

28.02.2018 в 08:23

Алматыдағы құрылыс алаңдары жіті тексерілетін болды. Өйткені, былтырғы жылы қызмет орнында қапыда қаза табатындардың саны күрт көбейіп кеткен. Мәселен, 2016 жылы құрылыста еңбек ететін 13 адам өлім құшса, өткен жылы 17 адам биіктен құлап, мерт болыпты. Тағы 41 адамның жарақат алғаны мәлім болды. Қайғылы жайттардың күрт көбеюіне құрылыстағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы себеп. Мекеме басшылары құрылысшыларға қажетті киім бермей, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертпеген.

«Жұмыс орындары қандай, денсаулықтарына зиян келмей ме? Адамның өміріне зиян келмей ме? Құрылыс нысанын қарайтын болсақ, олардың киімдерін, белбауларын, биіктікте жұмыстар істегенде сақтығын бәрін істеуі керек. Соған қараймыз. Тағы да техникалық қауіпсіздік бойынша инженер деген бар, солармен бірге қарастырып, қалай оқу өткізіп жатыр, адамдарға күніге қол қойғызып, қауіпсіздік техникасын үйретіп жатыр ма соның барлығын қарастырамыз», - деді Алматы қаласы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Талғат РАЗАҚОВ.

Бұдан бөлек, жұмысшыларды жалақыдан қағып, зар илеткен басшылардың ісі май шаммен қаралатын болды. Былтырғы жылы еңбек инспекциясына 4 мыңнан аса жұмысшы арызданған екен. Олардың жартысына жуығы айлықтарын сенделіп жүріп, әрең алған. Қалғандары жалақыларын даулап, әлі жүр. Өйткені, кәсіпорын басшылары жұмысшыларды қажетінше пайдаланып, кейін өздерін банкрот деп жариялай салған. Енді ондай олқылықты болдырмау үшін тиісті басқарма қатаң шара қолдануды ұсынбақ. Тіпті, жұмысшыға жалақысын бермеген басшыны қылмыстық жауапкершілікке тартуды да көздеп отыр.

«ДГД 3 айдан артық кетіп бара жатқан қарыздары көп, әлеуметтік аударымдар істемей жатқан ұйым болса, солардың барлығының тізімін бізге берсе, біз ертерек барып 152 бап қабылдатып, біз сол жерде жұмыс істейтін едік алдын ала. Екінші, ерекше  құрылысы нысандарында заңды өзгертіп, бас мердігерді міндеттеу керек, ол жауап берсін.  Қосалқы мердігерлер емес, бас мердігерлер жауап беру керек. Ол айтады «мен қосалқы мердігерге ақшаны аударып жібердім, бітті қалғанына мен жауап бермеймін» дейді», - деді  Алматы қаласы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Талғат РАЗАҚОВ.