Алматыда №137 бағыт бойынша жаңа автобустар жолға шықты

14.02.2018 в 22:27

Алматыда №137 қоғамдық көлік қайтадан іске қосылды. Былтыр жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке компания бұл бағыттағы автобусты шығармай тастаған еді. Енді жолаушыларды су жаңа көлік тасымалдайтын болады. Одан өзге интервал жиілей түседі. Ал көлік реформасы аясында ақпанның аяғына дейін тағы екі бағыттағы автобус жаңартылады.

№137 бағыттағы автобустың қатынайтын ара қашықтығы 70 шақырым. Қоғамдық көліктің, әсіресе, Наурызбай және Жетісу ауданында тұратын алматылықтар үшін маңыздылығы зор. Алайда, өткен жылы аталған бағыттағы көліктің қызметі тоқтаған еді. Себебі №137 автобус қарасты жеке компания жоспарланған 20 көліктің алтауын ғана жолға шығарған.

«Біз көлік реформасын екі жарым жылдан бері жүргізудеміз. Кез келген реформаның өз қиындығы болады, қазір транспорт жүйесі жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Ең бастысы - көлік жүйесі нарыққа сай жұмыс істеп жатыр. Тасымалдаумен айналысатын компания, парктер жаңа автобус сатып алғанда, оларға мемлекет 7 миллиард теңге субсидия бөледі. Оған қоса, жеңілдікпен жүретін азаматтар шығынын өтеу үшін қосымша 4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Тасымалдаушыларға осылайша қолдау көрсетіледі. Біздің басты мақсатымыз - сапаны жақсарту. Бюджеттен жалпы 11 миллиард теңге бөлінеді», - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

№137 бағытқа қызмет көрсеткен компания транспорттық реформаға сай жұмыс істемей, жаңа автобус сатып алуға шамасы келмеген. Сондықтан бұл бағыт «Алматыэлектротранс» компаниясына өтті. Енді автобустар саны еселеніп, интервал жиілейтін болады.

«Бұл автобусты күтіп отырған жолаушылар өте көп. Енді біз қазір 20 автобус линияға шығарғаннан кейін, біздің есебіміз бойынша 10-12 минуттан аспауы керек. Сосын біздің жобамыз бойынша күніне 8 мыңнан аса жолаушыларды тасымалдау қажет», - деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы МАҚСҰТ ИСАХОВ

Жаңа автобустардың барлығы Еуро-5 талаптарына сай. Қоғамдық көлік желдеткіштермен, бейнебақылау камераларымен және пандустармен жабдықталған. Тұрғындар бұл бағыттың қайта іске қосылуын аудан әкімдерінің есеп беру кездесуінде көтерген.

Ақпан айының аяғына дейін тағы 2 бағыттағы қоғамдық көлік жаңартылмақ. Қала әкімі Бауыржан Байбек 2 миллион халық тұратын Алып шаһарға тасымалдау бойынша қызмет көрсететін 1400 автобустың аздық ететінін тілге тиек етті. Сондықтан көлікті реформалау аясында газбен жүретін автобустарға арналып 200 орынға шақталған автопарк, электроавтобус құрастыратын зауыт, метро бекеттерінің салынып жатқанын және жеңіл рельсті көліктер жобасы қолға алынғанын айтты. Бұған дейін Алматыда 21 бағыт бойынша  тозығы жеткен автобустар жаңартылған еді. Сондай-ақ жаңадан  №1 және №201 бағыттағы қоғамдық көлікте көшеге шықты.

Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы