Жыл басынан бері Алматыда қоршаған ортаны ластағаны үшін 1300-ге жуық адам жауапқа тартылған

31.08.2017 в 04:30

Алматылық ғалымдар жауапқа тартылды. Олар ғылыми институт маңын қобырсытып қойып, жайбарақат жүре берген. Айтуларынша, аумақ қоршалғанымен, төңіректегі тұрғындар шарбақты бұзып, қатқыл қалдықтарын орталық жанына келіп тастайды екен. Алайда, тазалық сақшылары ғалымдардың бұл уәжіне құлақ асқан жоқ. Олар ауланы айғыздаған оқымыстыларға қомақты айыппұл салды.

Жеміс сатып, саудасын алаңсыз жүргізіп жатқан бұл кәсіпкерге тазалық сақшылары қырғидай тиді. Олар аумақта құрылыс материалдары шашылып жатқанын айтып, дүңгіршек иесін сыбап алды.

Айыбын түсінген кәсіпкер қарсылық танытқан жоқ. Табиғатты қорғау полициясы дүңгіршек маңайын айғыздағаны үшін оған 70 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Қарттың қызылкеңірдек болатындай жөні бар. Өйткені, небәрі екі ғана қоқыс салатын жәшік аз уақытта аузы-мұрнына дейін толып кетеді. Ал мердігерлер оны тазалап үлгермейді де.

Тазалық сақшылары осыған жауапты компания өкілдерін анықтап, оларға 680 мың теңге көлемінде айыппұл салуды уәде етті. Егер тәртіп бұзылса, айып құны еселеп артпақ.  

«Тәртіптің» қоқысты алмағанына 4 күн болған. Таудай болып үйіліп кеткен. Сондықтан барлығына ескерту жасап, хаттама толтырдық», - деді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқрамасының бөлім басшысы Қайрат ТОҚТАСЫНОВ.

Экологтардың келесі кезіккені мына орын. Азық-түліктен артылған заттар да, шабылған шөркелер мен қураған бұталар қобырсып жатыр мұнда. Аумақта аяқ алып жүру мүмкін емес.

«Біз мынаның барлығын түсінеміз. Осы жерді жинауға міндет аламыз. Содан кейін, мына жақтың барлығын дұрыстап жабамыз», - деді  «Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры Жексенқұл ӘЛІМҚҰЛОВ.

Аумақты әп-сәтте қоқыстан арылтамыз деген ғалымдар - қираған қоршауды да жөндеуді уәде етті. Экологтар олардың бұл ісін жіті назарда ұстамақ. Жалпы, жыл басынан бері Алматыда қоршаған ортаны ластағаны үшін 1300-ге жуық адам жауапқа тартылған. Оларға салынған айыппұл көлемі 67 млн теңгеден асады.

Дастан Сейілханұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы