Алматыда мыңнан астам адамды кене шаққан

22.05.2018 в 21:56

Көктем шыққалы Алматыда 1 мың 200-ден астам адамды кене шаққан. Оның 50 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары әзірге кене энцефалитін жұқтырғандар жоқ деді. Кене шақса не істеу керек, бұл жәндіктен адам өміріне қандай қауіп бар?

Кенеден келер кесел көп. Орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауыр дерт- кене энцефалитін жұқтырса, адам мүгедек боп қалуы немесе өліп кетуі де мүмкін екен. Бұл ауру кене тістеген кезде немесе теріге отырған кезде жұғады. Тіпті, ешкінің сүтінен де аталмыш дертті жабыстырып алуға болады,-дейді дәрігерлер. Қауіпті жәндік тарата алатын жұқпалы дерт тек бұл ғана емес. Кене боррелиозы да жөлек кенелерден тарайды. Күн жылынғалы Алматыда бірнеше адам аталмыш кеселді жұқтырып үлгерген.

«1230 адам қаладағы медицина мекемелеріне қаралған, барлығы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алып, уақытында көмек көрсетілді. Қазіргі кезде кене боррелиозын жұқтырған 3 адам бар. Бұл ауырған адамдардың жағдайы бірқалыпты»,-деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы Бибігүл НҰҒАЛИЕВА.

Кене шаққан адамның алдымен температурасы көтеріліп, тамаққа тәбеті болмай, беті мойны қызарады. Осындай белгілер байқалған жағдайда шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ал теріге еніп кетеді деп қауіптенсе, өз беттерінше жәндікті абайлап алып тастау керек, -дейді мамандар.

«Кенені жабысып тұрғанда пинцетті алып, кенені шайқап, ақырындап алу керек. Сол кезде кенеде 8 аяқ, 2 хобот болуы керек. Соның бәрін алғанын анықтап қарап алу керек. Кене тұрған жерді йодпен сүрту керек»,-деді профессор Күләш ҚҰРМАНОВА.

Жыл сайын Алматыда кенелердің санын азайту мақсатында барлық саябақ, скверлер мен Алма-Арасан, Медеу шатқалдарында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Себебі соңғы уақытта тек таулы аймақтар ғана емес қала ішіндегі демалыс орындарында да кене шағу оқиғалары жиілеген. Әсіресе, мамыр-маусым айларында кене шағуы өрши түседі.

«Табиғат аясына тынығуға шыққанда қарапайым сақтық шараларын есте сақтаған жөн дейді мамандар. Ол үшін неғұрлым жабық киім, бастарына қалпақ киіп, сол ошақта жүрген кезде әрбір екі сағат сағат бір-бірлерінің үстілерін қарап және үйге келген кезде өздерімен бірге әкелген шөптерді, гүлдерді қарау керек. Үстерін мұқият тексеріп тұру керек»,-деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті эпидемиологиялық бөлімінің бас маманы Бибігүл НҰҒАЛИЕВА.

Таулы аймақтарға шыққанда кенені үркітетін арнайы сепкіштерді де қолдануға болады. Кенеден қорғанудың ең тиімді тәсілі екпе жасау,-дейді мамандар. Жалпы вакцинациялау күз-көктемде жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұдан бөлек, кез келген тұрғын тіркелген емханасына барып та өз өтінішімен ақысыз түрде вакцинация ала алады.

 

Тоғжан Аман, Арсен Жақыпов, «Алматы» телеарнасы