Алматылықтар Алғыс айту күнін атап өтті

02.03.2018 в 12:00

Елімізде Алғыс айту күні атап өтілуде. Алматыда «Қазақстан - бірлік пен татулықтың мекені» атты мерекелік шара өтті. 1 наурыз - еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн тағдыр тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің бірігіп атап өтетін сүйікті мерекесіне айналды. Алғыс айту күнін тарихқа тағзым ету деп түсінуге де болады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келетін бұл мереке. Біздің достығымызды барша әлемге паш ететін оны нығайта түсетін үлкен бір шара болып табылады. Өздеріңіз білесіздер, қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, барша этностар сол шаңыраққа шаншылған уықтар деп Елбасымыз айтқандай, ортақ Отанымыз Қазақстанның босағасын берік ету, шаңырағын биік ұстау, оның түтінінің түзу шығуын қамтамасыз ету біздің бәріміздің негізгі мақсатымыз, міндетіміз», - деді  Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман ҚЫРЫҚБАЕВ.

Алғыс айту күні елімізде 2016 жылдан бері тойланып келеді. Елбасы пәрменімен күнтүзбеге енгізілген мейрам - отандастарымызды мейірімділік пен татулыққа үндейді.

«Қазақстанда 130 ұлттық орталық бар. Соның ішінде 60-ы ресми тіркелген. Ал Алматыда 25 ұлттық орталық жұмыс істейді. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шарада барлығы қатысып отыр. Біз әрдайым біргеміз. Ортақ көзқарас пен мүдде», - деді Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Абилфас ХАМЕДОВ.