Алматыда автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды

29.08.2017 в 05:40

Алматыда автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды. Оқыс оқиға өткен демалыста Достық көшесінің бойында тіркелген. Солтүстік бағытқа қарай жоғарғы жылдамдықта жүйіткіген «Мерседес» маркілі көлігі қапыда солға бұрылып, ізінше қарсы бетте келе жатқан автобусқа барып жаншылған. Салдарынан 15 адам жарақат алды. Оның төртеуі - балалар. Дәрігерлер зардап шеккендерді жақын маңдағы ауруханаларға жеткізген. Олардың жағдайы қалыпты, дейді. Көбі тексерістен кейін, үйлеріне жіберілген. Ал жеңіл көлік тізгіншісі мен ішінде отырған жолаушы әлі де медиктердің бақылауында.  

«Жол-көлік оқиғасы болған жерге 8 жедел жәрдем бригадасы барды. 15 адамды ауруханадарға жеткіздік. Оның төртеуі балалар болатын. Дәрігерлер науқастарды қараған соң, 4 баланың барлығын амбулаториялық емге үйлеріне жіберді», - деді  Денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ләйлә ИМАНҒАЛИЕВА.

Осы ретте, муниципалды компания басшылығы жол апатынан зардап шеккендерге жәрдемақы төлеуді ұйғарыпты. Әзірге 6 адамның еміне ақша берілетіні белгілі. Ол үшін жолаушылар қажет құжаттарды жинап, жауаптыларға өткізулері керек.  

«Біздің компания тарапынан қаржылай көмек қажет болса, оны көрсетуге дайынбыз. Зардап шеккендер біздің компания қызметкерлеріне жолығып, тиісті көмекті ала алады», - деді «Green Bus» компаниясы директорының орынбасары Бақытжан РЫСБАЕВ.

Қазір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер апатқа айыптыны анықтап, тиісті жаза тағайындайды.