Алматыда төтеншеліктер арнайы бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі

16.02.2018 в 18:31

Алматыда полицейлерден бөлек, төтеншеліктер де арнайы планшет пен бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіледі. Бұл қағазбастылық пен жемқорлықтан арылу үшін жасалмақ. Өткен жылы қаланың төтенше жағдайлар департаменті түрлі тексерісті 9% -ға төмендеткен. Сондай-ақ санитарлық эпидемиологиялық қызмет те нормативтік кедергілерді азайтқан.

«Заң бұзушылық пен жемқорлықты болдырмау туралы басқармалардың есептерін көп тыңдаймыз. Біздің басты міндетіміз - есепте көрсетілгенді іске асыру. Яғни, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін алдын алу шараларын қабылдау», - деді «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесінің төрағасы Борис ЖАПАРОВ.

«Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауына кәсіпкерлерден қаланың санитарлық және өртке қарсы қызметтерінің заңсыз тексерулер жүргізілетіндігі туралы шағымдар жиі түскен. Сондықтан партия мүшелері бұл мәселені қатаң бақылауға алып, барлық тексерулерді бейнетіркеуішке жазуды ұсынды. Тіпті бұл үшін арнайы комиссия құру туралы шешім қабылдады. Олар шағын және орта бизнесте не себепті тексерістің жиілеп кеткенін, әрі жемқорлықтың шеті қайдан шыққанын анықтамақ.

Tags: бизнес