Республика күні: Алматыда Мемлекеттік туды көтеру рәсімі өтті

25.10.2023 в 12:30

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қатысты

Республика күніне арналған акция аясында «Медеу» биік таулы кешенінің алаңында биіктігі 40 метр Мемлекеттік ту көтеріліп, әнұран орындалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараға Алматы әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, қала жастары қатысты.

– Ең биік жерде орналасқан туды көтеруге 2 мыңнан астам жас келіп отыр. Қаланың белсенділері, депутаттар бар. Бұл – жастардың патриоттық сезімін оятуға өте маңызды іс-шаралардың бірі, – деді Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Азиз Қажденбек.

Республика күніне арналған іс-шара «Медеуде» қазақстандық эстрада әртістерінің қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Сахнада Мұқасан Шахзадаев, Мақсат Базарбаев, Інжу Әнуарбек, Абай Бегей, Асхат Тарғын және Индира Елемес өнер көрсетті.  

– Мемлекеттік ту, әнұран, елтаңба – азат еліміздің егемендігін белгілейтін рәміздер. Бүгінгі мерекенің маңызы зор. Мұндай іс-шара бірлікке бастайды. Республика күні құтты болсын! – деді Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.