Тоқаев: Үкімет мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады

14.07.2022 в 17:23

Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болды

Қазақстан импортталған қантқа 90% тәуелді. Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қант тапшылығын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елімізде бүгінгі таңда бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Ал соңғы төрт жылда қант қызылшасының аумағы үш есе азайған. Сонымен қатар мемлекет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне азық-түлік инфляциясы әсер еткенін айтты. Оның деңгейі 19,2 пайызға жеткен. Нәтижесінде азық-түліктің кейбір түрі бірден 80 пайызға қымбаттаған. Мұндай кемшіліктерге жол берген бірқатар министрлерге ескерту айтып, сөгіс жариялады. ¤

«Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одақтың аясындағы шешімдерге сілтеуге болады. Бірақ, бұл - бәрібір Үкіметтің жіберген кемшілігі, яғни мемлекеттің ұстанымын қорғай алмады. Сондықтан, мен министрлер Бақыт Сұлтанов пен Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаймын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Киік санына қатысты мәселені оңтайлы шеше алмағаны үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов те сөгіс алды. Бұдан бөлек Президент соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өскенмен, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтінін де сынға алды. Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, жол саларындағы кемшіліктерге тоқталды.

«Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп. Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдардың сапасына да тоқталды. Бұл салаға түбегейлі реформа жасайтын уақыт жетті деді. Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырды.

«Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті, басқа жерді айтпағанның өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау, құрақ көрпеге ұқсайтын болды. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп. Тендерді жыл сайын бірді-екілі компания ғана ұтып алады. Мұндай жағдайдың қайталанып келе жатқанына ондаған жыл болды. Осының бәрін ретке келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдау керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Бұдан бөлек Президент соңғы жылдары халықтың табысы біртіндеп өскенмен, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында Алматы және Шымкент қалаларында тұрғындардың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтінін де сынға алды. Халықтың кірісін арттыру бағдарламасы қабылданғанмен, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы екенін айтты. Әкімдерге жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Асылбек Тойбек, Ринат Утеев, «Алматы» телеарнасы