Тұрар Рысқұлов ауданында 300 орындық мектеп ашылды

23.11.2023 в 18:45

Президент пәрменімен Әулиеата жерінде 25 білім нысанының құрылысы басталды

Жамбыл облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіліп жатыр. Мемлекет басшысы соңғы жолдауында жаңа мектептердің құрылысын көбейту Үкімет пен әкімдіктердің басты міндетіне айналуы қажет екенін атап өткен еді. Президент пәрменімен Тұрар Рысқұлов ауданында 300 орындық білім ұясы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент пәрмен берді, жергілікті билік жұмысты атқарды. Биыл Әулиеата жерінде 25 білім нысанының құрылысы басталды. Тоғыз мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Он бір білім ордасының құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс. Елімізде жыл сайын білім саласына бөлінетін қаражат мөлшері ұлғайып келеді.

– Президент білім саласына, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мейлінше көңіл бөлуде. Білім беру инфрақұрылымын дамыту -  алға қойған басты міндеттердің бірі. Бүгінде облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынып, апатты, үш ауысымды орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешіліп келе жатыр, – деді Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев.

Жаңа мектепте балалар үшін барлық жағдай жасалған. Соңғы үлгідегі 12 пәндік кабинет, зертхана, асхана, мәдениет және спорт залы бар. Сыйымдылығы 300 балаға арналған білім ұясында қазір 113 бала оқиды. Нысанды салу үшін қазынадан 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.

– Мектеп құрылысы аяқталды. Құрылыста 60-70 пайызы осы жердің тұрғындары жұмыс істеді, – деді бас мердігер Асылбек Жантаев.

Айта кетейік, облыс бойынша жалпы саны 500-ге жуық білім ордасы бар. Жаңа  мектептер салынса, сәйкесінше, білім сапасының арта түсері де анық.

Жомарт Есқара, Ермек Кеншінбек, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Жасанды интеллект: болашаққа қадам мектептен бастау алады