Жолдаудағы жаңа бастамаларды қазақстандықтар қалай қарсы алды

16.03.2022 в 20:02

Президент Жаңа Қазақстанды құру жолында ел халқын бір болуды шақырды

Саяси реформаның транформациялануы – жаңа өзгерістердің бастауы. Мәжіліске заң қабылдау құқығын беру – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауын тыңдаған қоғам қайраткерлері осылай дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Мемлекет басшысының жолдауын көппен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы да тыңдады. Президент өз сөзінде күрмеуі күрделі мәселелерді шешу жолында дала демократиясының дәстүрін үлгі еткені көптің көңілінен шықты. Мұндай шешімдер халық болып ақылдасып, бірге қабылдануы керек екенін айтты. Бабаларымыздың жүріп өткен жолынан жаңылмасақ, біраз нәрсе еңсеруге болады дейді сарапшылар.

«Біз дана халықтың ұрпағымыз ғой. Кез келген мемлекеттік мәселені айғаймен шумен емес, көтеріліспен бір нәрсені қиратып тастаумен емес, ақылмен, парасатпен кеңеспен шешуіміз керек. Президентіміздің қаңтар оқиғасы туралы «Біз жардың шетінде тұрдық» дегені маған қатты әсер етті. Шынымен, біз жардың шетінде тұрдық, мемлекетімізге, елімізге қауіп төнді», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Клара Қабылғазина.

Сапалы кадр қалыптастыру – сатылап өсуді талап етеді. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің проректоры Әлібек Шоқпаровтың пікірі осындай. Білікті маман қашанда жерде қалмайды. Қай салада болмасын сұраныс жоғары. Президенттің бүгінгі Жолдауындағы кадр даярлау мәселесі әрқашан өзекті дейді.

«Экономикалық дағдарысқа қарсы, саяси реформа жүргізу үшін қазіргі таңдағы біз көріп отырған геополитикалық ахуалға байланысты бірінші мәселе – кадр даярлау. Елімізде, кәсіпорындарда, бизнес және басқа құрамдарда сапалы кадрлар болуы тиісті», - деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Әлібек Шоқпаров.

Жолдаудың көпшілікке ұнаған тағы бір тұсы – елімізде жаңа облыстарды құру туралы ұсынысы. Желі қолданушылары өз парақшаларында бұл жөнінде пікірлерін жарыса жазып та жатыр. Өзгеріске бірінің көңілі босаса, енді бірі осы жаңалықты көптен күткенін айтады.

«Қуаныштан жылап отырмын. Семейім, менің Семейім. Абай бір аунаған болар», «Ехеуууу! Семей Абай облысы болды. Жезқазған Ұлытау облысы болды. Біздің жанайқайымыз жетті!», «Керемет, қуанышты жаңалық болды. Абай атамыздың аруағы бір аунап түскен болар. Барша қазақстандықты, Семей халқын құттықтаймын. Бұл ортақ қуаныш», - деп пікір білдірді көпшілік.

Сондай-ақ Президент Жолдауында Жетісу ауданының орталығы болатын Қапшағай қаласының атауына Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтылса, қолдайтынын айтқан еді.

«Өте дұрыс! Дінмұхамед Қонаевтың атына бір қала емес, Қазақстандағы 5 қаланы берсе де артықтық етпес», - дейді қала тұрғыны.

Қазақстандықтардың бұл жолдауды тағатсыздана күткені рас. Қоғам ішінде тұспал да, болжам да аз болмады. Қаңтар оқиғасынан кейін біраз есеңгіреп қалған ел-жұрт бұл қажетті кезде қабылданған оң шешімдер екенін айтады. Қазақ үшін қазір сын сағат. Өтпелі кезеңде бірлігі мен ынтымағы жарасқан қоғамның ғана іргесі берік. Ең бастысы, еліміздің егемендігі деп сөзін қорытындылаған Президент Жаңа Қазақстанды құру жолында баршамызды бір болуды шақырды.

Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы