Өзіңнен бастамай, өзгеріс болмайды: сарапшылар Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді

04.04.2022 в 20:45

Жолдауда азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруынан бастап жалпы ұлттық сипаттағы мәселелерді қамтиды

«Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру - менің ең негізгі міндетім». Өз Жолдауында Мемлекет басшысы саяси жаңғырусыз әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасаудың мүмкін емесін алға тартқан еді. Бүгінде Жолдау қоғамда кең қолдауға ие болғанымен, оның әлі де тарқатып айтар тұсы көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Иә, негізінен саяси сипат берген президент жолдауы азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруынан бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейінгі тақырыпты қамтыған еді. Біріншіден, Президент өкілеттігі, кейіннен өкілді билік тармағын қайта құру мен сайлау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ құқық қорғау институттарын күшейту мәселесі әлі де басты назарда.

«Мен өзімнен бастамай, өзгеріс болмайды. Қанша реформа жасайық, Президент қанша күшті сөздерді айтсын, әуелі өзіміз өзгеру керекпіз. Ал ол үшін белгілі бір білім беретін орта, қара шаңырақ, рухани орта қалыптасуы керек. Біз сондай жерге шоғырлануымыз керек», – деді Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Думан Жекенов.

Ал «жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету керек» деген Президент бюрократия мен формализмді жоюдың аса маңызды қадам екенін де атап өткен. Бұл ретте мемлекет басшысы ел үкіметіне Президент әкімшілігімен бірлесіп, тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды тапсырды. Ал сарапшылардың айтуынша, сайлау жүйесіндегі бірқатар өзгеріс қоғамдық пікірді қалыптастыруда да маңызды рөл ойнайды.

«Жолдауда Президент сайлау жүйесіндегі өзгерісті ең әуелі өзінен бастады. Осылайша, елдің депутаттарды сайлауынан бөлек, ауыл-аудан әкімдерін тағайындауына да өзгеріс енгізілмек. Бұл дегеніміз дербестікті, ой тәуелсіздігін, таңдау құқығын сақтауда үлкен рөл ойнайды. Әрі ең бірінші кезекте халықтың сенімін ұялатады», – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Ауқымды бастамалардың аясында елдегі саяси жүйе мен әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту үшін Президент Ата Заңның 30-дан астам бабына өзгерту енгізу қажет деген еді. Одан бөлек, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам Заң қабылдаудың қажеттігі туып отыр.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы