Алматы қаласы бойынша 15 наурыздағы қар тазалау жұмыстары жөніндегі ақпарат

15.03.2021 в 08:43

​Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылған

Алматы қаласында қар жауу жалғасуда. Қалада 5-6 см, таулы аймақтарда 20 см-ге дейін қар жауды. Қазгидрометтің болжамы бойынша, 17 наурызға дейін ауық-ауық жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтілуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқармасына сілтеме жасап.

Үш тәулік бойы көктайғақтың алдын алу үшін қар жауған кезден бастап жолдарға, қиылыстар мен жолайрықтардың кіреберістеріне, тау бөктері мен таулы аймақтарға көктайғаққа қарсы материал себіліп, қар тазаланды. Сағат 07.30-дағы жағдай бойынша көктайғаққа қарсы 3920 тонна материал пайдаланылды.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, жер үсті өткелдерін және ортақ пайдаланылатын жерлерді тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Таңертеңнен бері қар тазалау жұмысына 564 арнайы техника бірлігі мен 1140 жол жұмысшысы жұмылдырылған.

Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылған.