Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесті

18.01.2024 в 09:25

Әлмерек шағынауданында ұзындығы 20 шақырым болатын құбыр жүргізілген

Алматының Түрксіб ауданындағы жеке секторда орналасқан 800 үй сапалы ауыз сумен және кәріз жүйелерімен қамтылады. Бұл туралы тұрғындармен кездесу өткізген қала әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, Әлмерек шағынауданында ұзындығы 20 шақырым болатын құбыр жүргізілген. Жұмыс толығымен қаңтардың соңына дейін аяқталмақ. 2024 жылы ұзындығы 223 шақырым кәріз желілерін салу жоспарланған. Сондай-ақ биыл ауданның сырты жарықтандыру жұмыстарын жүргізу мердігер компаниядан әкімдік құзырына өткен. Сала мамандарының айтуынша, мұндай әдіс мәселені аз уақытта әрі сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Енді бұл міндеттемелерді «Алматы қала жарық» компаниясы жауапкершілігіне алмақ. Екіжақты келісімшарт нәтижесінде жыл соңына дейін ауданның 85 пайызы толық жарықпен қамтылмақ. Қала әкімі өз баяндамасында жол инфрақұрылым жұмыстарына да тоқталды.

– 2023 жылы Түрксіб ауданында ұзындығы 22 км 17 көшеде орташа жөндеу жүргізілді. 2024 жылы ұзындығы 44,4 км 36 көшені жөндеу жоспарлануда. Сондай-ақ 40 мың м2 жол төсемі қалпына келтіріледі. Хмельницкий көшесін Қайрат шағынауданынан Талғар трактісіне дейін ұзартуға қатысты құжаттар әзірленіп жатыр, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ауданда мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесі де өзекті. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында биыл ауданда 6100 орынға арналған 4 білім беру ғимаратын салу жоспарланған. Жоба аясында бір мектепке күрделі құрылыс жасалады және тағы бір білім беру ұйымына  сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілмек. Наурызда Нұршашқан шағынауданында 2 дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілмек. Ал Қайрат шағынауданында 2 емхананың құрылысы жүргізілуде. Қала әкімі медициналық мекеме жыл соңына дейін аяқталатынын айтты. Ескі үйлерді жаңғырту ісі де қолға алынған.

– Түрксіб ауданында ескі тұрғын үйлерді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2023 жылы 5 үй салынды, оған жақын маңдағы ескі үйлердің тұрғындары қоныс аударды. Биыл екінші тоқсанда 13 үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Алтай-2 шағынауданында жеке құрылыс салушы 54 үйді қайта жаңартуды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда 6 үй сатып алынып, 2 тоғыз қабатты үйдің құрылысы басталады, – деді  қала әкімі.

Кездесуді онлайн режимде «Алматы» телеарнасының YouTube парақшасынан және Түрксіб әкімдігінің Facebook парақшасынан көруге болады