Б. Сағынтаев бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді

13.08.2021 в 09:27

Қала әкімі оқушылар арасында қауіпті індеттің таралуын болдырмау үшін мектептің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысын, мектептердің дайындығын тексерді. Бұл туралы қала әкімі instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Б. Сағынтаевтың айтуынша, Орталық мәдени және демалыс саябағында балалар мен жасөспірімдер және кәсіби разрядты спортшылар үшін велотрек жаңғыртылып жатыр. «Сұңқар» ХТК-де жеке инвестор жаттығу орталығын, спортзал мен бассейн салады. Жоспар бойынша нысан күзде пайдалануға беріледі. Champion жеке қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін кешен бой көтереді.

«И. В. Панфилов атындағы №54 Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейі ғимаратының сейсмикалық нығайту барысын тексердім. Негізі 1938 жылы қаланған ғимараттың тарихи қасбеті қалпына келтіріліп, спорт алаңы жаңартылды. Орбита-1 ықшамауданындағы №60 мектеп-гимназиясына жапсарлай спортзалы бар 600 орынды жаңа корпус салынды. Бұл – осы мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Оған қоса мектеп аумағында жаңартылған спорт алаңы салынды. Оқушылар арасында қауіпті індеттің таралуын болдырмау үшін мектептің санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырдым» , – деді Б.Сағынтаев.