Алматыда "Сүйемін сені, Алматы" фестивалі өтті

18.09.2022 в 09:28

Фестивальде 1940-жылдардан бастап бүгінге дейін болған жарқын оқиғалар көрсетілді

Алматылықтар қала күнін «Сүйем сені, Алматы!» атты көше мәдениетіне құрылған фестиваль аясында екі күн қатарынан естен кетпестей атап өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жүрегі Алматы деп соққан кімнің болсын қала тарихынан хабары болмауы мүмкін емес. Шаһардың өзіне тән атмосферасы, қалыптасу жолы бар. Қызық аңыздары да жетерлік. Сондықтан да фестивальдің негізі қала тарихына өрілген. 1940-жылдардан бастап бүгінге дейін болған жарқын оқиғалар, кейіпкерлер әдемі көрме, қойылымдар арқылы беріледі.

"Кинодағы көрсетілген актер, актрисалардың суретін лентаға іліп қойғаны маған ерекше әсер етті. Алматы қаласы өзі жасыл, әсем қала ғой. Жалпы қазақстандықтардың дендері сау болсын, Алматы күні құтты болсын!" - деді қала тұрғыны Ақерке Тұтқабаева.

Тұрғындар мен қала қонақтарын ерекше көңіл-күйге бөлеу үшін концерттер мен би алаңдары да ұйымдастырылған. 

"Маған ұлттық көрмелер өте ұнап жатыр. Әр түрлі концерттер болып жатыр. Жас «Дос-Мұқасан» ансамблінің әндерін тыңдап, жастық шағымды есіме алып сондай бір тамаша күн болып жатыр деп айтса болады. Алматы күні құтты болсын!" - деп қала тұрғыны Гүлнәр Әбденова алған әсерімен бөлісті.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрынан басталып, Панфилов көшесін бойлай ұйымдастырылған өнер базары Абай алаңында да жалғасты. Мұнда қазақ вальсінің атасы Шәмші Қалдаяқовтың туындылары шырқалып, дәстүрлі әндер орындалды. 

"Бәрі сондай ерекше атмосферада өтіп жатыр. Жанды дауыстағы музыка тіпті керемет", - деді қала тұрғыны Аружан Базылова.

Сонау 1969-жылы тұсауы кесілген «Тақиялы періште» фильміне арналған бұрыш та көптің назарына ерекше ілінді. Жұрт суретке түсіп, сол кездерді еске алып жатыр. Мұнда фильмді еске салатын түрлі реквизиттер бар. Тіпті Тайлақтың өзі осында.

"Қала күні әдемі болып жатыр, күн жарқырап тұр. Әдемі қойылымдар қойыпты. Тақиялы періштенің қасына барып суретке түстік. Қала күні баршамызға құтты болсын. Алматымыз өсе берсін, өне берсін", - деп ақ тілгеін білдірді қала тұрғыны Рая Мамыр.

"Бәрі көңілімізден шығып жатыр. Балалармен орталыққа келдік. Ұйымдастырушыларға рахмет", - деп алматылық Арайлым Ерланова алғысын жаудырды.

Көше суретшілері мен арт-базарларға арналып шатырлар да тігілген. Ал балаларға базарлық ретінде «Алдар Көсе» қойылымы сахналанды.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, "Алматы" телеарнасы