Алматыда қар күреуге 458 бірлік техника мен 1224 жұмысшы жұмылдырылды

26.01.2024 в 10:09

Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды

Алматы қаласында 26 қаңтарда сағат 04:00-ден бастап қар жауа бастады. Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 2 см болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қар жауғанға дейін алдын ала негізгі магистральдық көшелер сұйық реагенттермен өңделген. Көктайғақтың алдын алу мақсатында сағат 05:00-ден бастап 126 құм таратқыш арқылы көктайғаққа қарсы материалдар (КҚМ) себілді. Сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 386 тонна КҚМ пайдаланылды.

Тротуарлар мен жалпы пайдаланылатын орындар, қоғамдық көлік аялдамалары мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдері қолмен күреліп жатыр.

Түнгі уақытта барлығы 416 бірлік арнайы техника мен 268 жұмысшы жұмылдырылды. 19 қар тиегіштің, 66 өзі түсіргіш жүк көлігінің, 3 трактордың, 2 автогрейдердің және 127 жұмысшының күшімен қар шығару жұмыстары қолға алынды. Соңғы қар жауғанға дейін 17 қаңтар сағат 09:00-дегі жағдай бойынша 87 мың м3 қар шығарылды.

26 қаңтар сағат 08:00-ден бастап 458 бірлік техника, атап айтқанда 153 құм таратқыш, 169 шағын тротуар жинау техникасы, 45 тиегіш, 69 өзі түсіргіш жүк көлігі және 1224 жұмысшы қар күреуге шықты. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

«Қазгидромет» РМК болжамынша 26 қаңтарда күндізгі уақытта аздап қар жауады. Түнде және күндіз ауа температурасы -1...-3 градус болады.

Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы тағы бір бағытта жаңа автобустар жолға шықты