Орталық мәдениет және демалыс саябағында 10 мың балаға аттракцион тегін болды

15.08.2023 в 10:19

Бұл шешімді Алматы әкімдігі саябақ әкімшілігімен бірлесіп қабылдады

Осы жазда халықтың әлеуметтік осал топтарынан (ХӘОТ) 10 мыңға жуық балаға Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы аттракциондар тегін болды, деп хабаралайды Almaty.tv.

Еске салсақ, 17 шілдеде ХӘОТ санатынан Алматыда тұратын балаларға тегін карталар беру акциясы басталды. Бұл шешімді Алматы әкімдігі саябақ әкімшілігімен бірлесіп қабылдады.

Акция басталғалы бері карталарды 6 жастан 14 жасқа дейінгі балалар пайдаланды. Олардың ішіндегі ең танымал аттракциондар «Цепочка», «Колесо обозрения», «Орбита» және «Веселые горки» болды.

Айта кетейік, бұл акцияны басқа да коммерциялық нысандар қолдады – бір ай бойы балаларға саябақта балмұздақ тегін таратылды.

Сонымен қатар футбол, баскетбол алаңы, скейт-парк, роллердром, үстел теннисі және воркаут алаңдары да тегін болды. Балалар үшін әр сенбі және жексенбі күндері балалар қалашығының сахнасында екі сағаттық шоу-бағдарламалар көрсетіледі. Саябақ әкімшілігі барлық іс-шараларды өткізуге кететін шығындарды өздері көтерді.

Бұл акция тамыздың соңына дейін өтеді. Карталарды алу үшін «Алтын Тараз» ЖШС кеңсесіне Гоголь көшесі, 1 мекенжайы бойынша (ОМДС аумағында) хабарласу қажет. Өзімен бірге баланың туу туралы куәлігі (көшірмесі немесе электронды түрде) болуы міндетті. Анықтама телефоны: +7 (705) 892-75-24.