Ақжар шағынауданында спорт кешенінің құрылысы басталады

29.02.2024 в 10:28

Бұл туралы Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде айтты

29 ақпанда Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Биыл Наурызбай ауданында екі спорт кешені бой көтереді. Олардың бірі «Шұғыла» шағынауданында, екіншісі Ақжар шағынауданында салынады. Бірі 600 адамға арналса, екіншісі 500 орынға арналған. Яғни, бір күнде 500 адамды қабылдау мүмкіндігі бар.

Аудан тұрғындарының бірі қала басшысымен өткен кездесуде:

- Наурызбай ауданы жас аудан болғаннан кейін жастар да көп, көбі осы жерге орналасып жатыр. Жаңа спорт кешенін көріп қалдым. Спорт кешендері тегін бола ма екен? Жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына бірден-бір себепші – спорт кешендері. Алда тағы бір 3-4 спорт кешені ашыла ма? Олардың ауқымы қандай болады?, - деген сұрақ қойды.

- Жаңа ғана айтқандай, «Шұғыла» шағынауданында осы жылы біз жұмыстарды бастаймыз. Одан басқа, біздің дайындаған тағы бір жобамыз бар. Ол «Ақжар» шағынауданында спорт кешенін салу, - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Шұғыла шағынауданындағы спорт кешенінің құрылысы биыл жазда басталады. Маусымның соңына дейін жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталады.

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, Ақжар шағынауданында магистральдық судың жетіспеушілігіне байланысты, әзірге жұмыс тоқтап тұр. Бірақ ол мамырдың соңына дейін аяқталса, жазда бұл жұмыстар жалғасады.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданындағы «Премьер» қазандығының жылу қуаты 2 есеге артты