Екібастұздың балалары Алматыға қысқы демалысқа келді

04.01.2023 в 10:33

Балалар үшін ауқымды ойын-сауық бағдарламасы дайындалды

«AMANAT» партиясы Төрағасының бастамасымен бүкіл республика бойынша Екібастұздан 1 мыңнан астам балаға арналған демалыс аясында партияның қалалық филиалы Алматыда 30 балаға арналған демалыс ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ілесіп келген мұғалімдермен бірге олар Іле Алатауы тауларының етегінде бірегей табиғи және климаттық жағдайлар аймағында, Алматы қаласының іскерлік орталығына тікелей жақын орналасқан «Қазақстан» шипажайында демалатын болады.

«AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев санаторлық-курорттық емдеуден басқа балаларға арналған мәдени және экскурсиялық бағдарлама дайындалғанын атап өтті. Ал балалар 9 қаңтарда үйлеріне қайтады.

«Балалар үшін ауқымды ойын-сауық бағдарламасы дайындалды. Олар жайлы бөлмелерге орналастырылды. Спорттық-сауықтыру кешенінде бірегей минералды сулардан тұратын бассейн, спорт залы, екі емдік дене шынықтыру залы, волейбол, баскетбол және футболға арналған ойын залдары бар. Балалар Алматы қаласы бойынша экскурсияға барады, сондай-ақ Медеу тау мұз айдынына және Алматы циркіндегі жаңа жылдық қойылымды тамашалайды. Сонымен қатар, балалар үшін арнайы санаторийге аниматорлар шақырылады. Балалар үшін бұл мереке ұзақ уақыт есте қалатындай конкурстар, викториналар және ойын-сауық шоулары да ұйымдастырылады», - деді М. Отыншиев.

Екібастұздан балалар пойызбен бірінші Астана қаласына жол жүрді. Онда «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы елордалық «Жастар Рухы» бөлімшесінің көмегімен EXPO бойынша экскурсия ұйымдастырды.

Екібастұз қаласындағы №22 гимназиясының 9 сынып оқушысы Еламан Кенжебай өз әсерімен бөлісті.

«Бұл менің Алматыға алғаш рет келуім, осында келуді армандадым. Тауларды, Медеуді көргім келеді. Көп рахмет. Мен қыс мезгілін қатты жақсы көремін, ал Алматыда осы кезде демалу тіптен қызықты болады деген ойдамын»,- деді Е.Кенжебай.