Алматыда қардан тазарту жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр

17.01.2024 в 10:41

Қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша, 16 қаңтарда сағат 22:30-дан 17 қаңтарда таңғы сағат 08:30-ға дейін Алматы қаласында 19 см қар жауды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.

Түнде 421 бірлік арнайы техника жұмыс істеді, таңертең 425 бірлік арнайы техника жұмылдырылды, оның ішінде 146 құм таратқыш және 1143 жол жұмысшысы бар.

– Тротуар тазалауға арнайы тротуар тазалайтын 168 бірлік техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда қала жолдарында 1143 жол жұмысшысы жұмыс істеп жатыр. Негізі регламент бойынша магистральдық жолдардың тазалануына 24 сағат беріледі. Қаланың бүкіл жолы, оның ішінде аудандық маңызы бар жолдар 96 сағатта жиналуы керек, – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Дулат Әшкенов

Түнгі сағат 02:30-дан бастап қар күреумен жол полициясының патрульдік машиналарын ерткен 13 колонна айналысты.

Таңғы сағат 05:00-ден бастап 168 бірлік шағын көлемді жинау техникасының күшімен тротуарлар қардан тазартылуда, бұл жұмыс қазіргі уақытқа дейін жалғасуда. Аялдамаларды, жерүсті өткелдерінің тұрақ «қалталарын», әлеуметтік маңызы бар объектілерге өтетін жолдарды тазарту жұмыстары күшейтілді.

Қалалық трафикке жүктемені азайту мақсатында сағат 07:00-ден бастап техникаға жанармай құю және құм таратқыштарды көктайғаққа қарсы материалмен толтыру жүзеге асырылады. Сағат 10:30-дан бастап жолдардың жүріс бөліктерін қардан тазартудың жаңа циклі және жиналған қарды сыртқы полигондарға шығару басталады.

Айта кетерлігі, бір күн бұрын синоптиктер дауылды ескерту жариялады, осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарды көктайғақ кезінде жолдарда өте сақ және мұқият болуға шақырды.