Мегаполисте магистральды көшелерді жөндеу жұмысы басталды

29.06.2023 в 08:05

Жұмыстар көлік қозғалысы бөлігін ішінара жабу арқылы жүргізіледі

Алматыда 15 магистральды көшені орташа жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық мобильділік басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрметті алматылықтар!

Еске салсақ, қалада 15 магистральды көшені орташа жөндеу жұмыстары басталды. Әл-Фараби даңғылы бойымен Асқаров көшесінен Достық даңғылына дейінгі  ұзындығы 9 км-ден асатын  учаскені жөндеу басталды. Бұрынғы  орташа жөндеу жұмыстары мұнда 2010 жылы жасалған. Жұмыстар көлік қозғалысы бөлігін ішінара жабу арқылы жүргізіледі.

Сондай-ақ, Есентай өзені арқылы өтетін әл-Фараби даңғылындағы көпірде 6 маусымнан бастап  реконструкциялау  аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобада көпірді қайта жаңарту және екі веложүргінші көпірін салу көзделген. Бүгінде айналма жолды қамтамасыз ету және инженерлік коммуникацияларды қайта құру үшін бөлу жолағында жол төсемдерін жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Орташа жөндеу жұмыстары Абай даңғылында, Достық даңғылынан Тілендиев көшесіне дейінгі учаскеде де жүргізілуде. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін жөндеу кезінде көшелер ішінара жабылады. Абай даңғылындағы аталған учаскелердегі жол жабынына алдыңғы орташа жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген. Жалпы магистральды көшелерді орташа жөндеуді оқу жылы басталғанға дейін аяқтау жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарына түсіністік пен шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз!