Алматыда командалық және ұлттық спорт түрлерінен мектеп лигасының ойындары өтіп жатыр

11.03.2023 в 11:22

Сайысқа қаладағы 214 мектептен 7 мың 600 оқушы қатысады

Алматыда командалық және ұлттық спорт түрлерінен мектеп лигасының ойындары өтіп жатыр. Есте болса, бұл игі бастаманы алғаш болып қала әкімі Ерболат Досаев қолға алған еді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Басты мақсат – бұқаралық спорт түрлерін дамытып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Сайысқа қаладағы 214 мектептен 7 мың 600 оқушы қатысады. Мектеп лигасы аясында Алматыда демалыс күндері жүзуден ашық чемпионат өтті. Оған 300-ден аса еліміздің әр өңірінен келген спортшы қатысты.

«Бізде марапаттау қатысушылардың жасына қарай бөлек болады. Жеңіске жеткендер міндетті түрде медальмен және мадақтау қағазымен марапатталады. Жарыс 3 күнге жоспарланған. Елімізде осылай жүзу спортына көңіл бөліне берсе екен. Өйткені, елдің атын әйгілейтін чемпиондар тәрбиелесек деген ниетіміз бар», – деді қалалық Жүзу федерациясының төрағасы Артур Дильман

Сондай-ақ 7 мен 17 жас аралығындағы оқушылар да баскетболдан чемпионатқа іріктеуден өтті. Жарысқа жалпы 700-ден аса ойыншыдан тұратын 44 топ қатысады. Ал мамыр айында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында баскетболдан ақтық мәре өтеді. Сондықтан ұйымдастырушылар командалар арасында бәсеке басым екендігін айтады.

«Әрине, біздің жаттықтырушылар балаларды баскетболға баулуда сербиялық әдісті қолданады. Өзіміз де семинарлардан өтіп тұрамыз. Жақында Сербиядан маман арнайы келеді. Ол осындағы спортшылармен өз тәжірибесін бөліседі. Бұл біз үшін өте маңызды», – деді Баскетбол лигасының жетекшісі Дмитрий Чмиль.