Түрксіб ауданында инженерлік желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді

13.12.2023 в 11:59

Бұл туралы аудан әкімі айтып берді

Түрксіб ауданының Шуақты шағынауданында инженерлік желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаровтың ауданның инженерлік желілерін жаңғырту бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматының Түрксіб ауданындағы Маяк, Нижняя пятилетка шағын аудандары мен Закарпатская көшесіндегі 5500 абонент үшін 131,3 км су құбыры мен 56 км кәріз құрылысының жобалары жүзеге асуда. Аяқталу мерзімі – 2024 жылы. Бұл туралы Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров Алматыдағы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында хабарлады. Сондай-ақ, оның айтуынша, 2024 жылдың екінші тоқсанына Қайрат шағын ауданында 40 км су құбыры және екінші кезектегі су бұру желілерін салу бойынша жұмыстарды бастау жоспарланған.

- Ауданның орталық бөлігінде, Рысқұлов – Жансүгіров – Шолохов – Сейфуллин көшелерінің және Әуежай көлі ауданының 2 учаскесі бойынша сумен жабдықтау және кәріз желілерін жобалау жалғасуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен басталуы 2024 жылдың екінші тоқсаны, - деді Бақытжан Ақжаров.

Ол ағымдағы жылдың соңына дейін Әлмерек, Жас Қанат шағын аудандарында 2470 абонент үшін 17,6 км су құбыры мен 18,8 км кәріз құрылысы аяқталатынын атап өтті. Ал тамыз айында Шуақты шағын ауданында 400 үйді қамтитын сумен жабдықтау және су бұру желілері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 20 мың абонентке қызмет көрсететін Тбилисская көшесінде 400 метрден астам кәріз эстакадасы реконструкцияланды.

Түрксіб ауданының әкімі Шуақты шағын ауданында электр беру желілерін жаңғырту туралы да хабарлады. Оның деректері бойынша, Әлмерек, Нұршашқан, Қайрат шағын аудандарындағы желілер жаңғырту жалғасып жатыр, содан кейін тұрғындарды «АЖК» АҚ желілерімен қызмет көрсетуге ауыстыру жүргізіледі.