Алматыда 2023 жылдың соңына дейін 4 мемлекеттік балабақша ашылады

22.08.2023 в 12:29

Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске қосылады

Алматы әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының қатысуымен өткен мегаполисті дамыту жөніндегі кеңесте қаланың балабақшалары мен мектептерінде кезекті төмендету бойынша қандай шаралардың қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Бірінші кезекте, мектепке дейінгі білім берудегі бұл мәселенің шешімін жеке бизнесті тартудан көреміз. Биыл 76 жекеменшік балабақшада 5 330 орынға тапсырыс орналастырылуда. 2023 жылдың соңына дейін 860 орындық 4 мемлекеттік балабақша ашу жоспарланған. Мектептердегі оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан 2023 жылдың соңына дейін жергілікті бюджет және жеке инвестициялар есебінен 5 670 орындық 11 мектеп пен қосымша құрылыс пайдалануға беріледі, - деді Ерболат Досаев.

Бұған қоса, әкімдік Саялы, Зерделі ш/а-да 2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін 1100 орындық 2 мемлекеттік мектеп пен 2 950 орындық 8 қосымша құрылысты жобалау мен салуды жалғастырып отыр.

Қала үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ерекше маңызды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-мен бірлесіп, бүгінде мектеп құрылысына инфрақұрылым дайындау аяқталуда. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 19 млрд теңге қарастырылған, - деді Алматы әкімі.

Бұған дейін Алматы қаласы әкімдігінің жобалық кеңсесінде хабарланғандай, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында 5 мектептен салынады. Бостандық ауданында 4 мектеп, Түрксіб ауданында 3, Әуезов ауданында 2 мектеп, ал қалған аудандарда бір мектептен салу көзделген. Мектептер тапшылық қатты байқалатын жерлерде бой көтереді.

Әрі Алматыда 2024-2025 жылдары 1440 орындық 2 мемлекеттік колледж құрылысы жүріп жатыр, ал биыл маусым айында Наурызбай ауданында Балаларға арналған инновациялық шығармашылық орталығы ашылды. Биыл 25 тамызға дейін Алатау ауданында осындай орталық ашылады.

Сонымен қатар, биыл 1 қыркүйектен бастап алғаш рет 30 мектепте «Мектеп автобусы» жобасы іске асырылып, 100 автобус сатып алынды. 2023 жылы 7,7 мыңнан астам бала қамтылады.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі проблемалық нысандардың құрылыс барысын тексерді